АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Павлодар қаласы №2 соты Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ораз Дүзденбаевты екі айға тұтқындауға санкция берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тергеудің мәліметінше, 48 жастағы шенеунік өз кабинетінде шаруа қожалығының басшысынан 100 мың теңге көлемінде (талап етілген соманың жартысы) пара алды деген күдікке ілініп отыр, ол шаруаның субсидия алуға берген өтінішін кедергісіз өткізуге уәде еткен.
Сотта күдікті адвокатымен бірге ол ауыл шаруашылығы музейін ашуға арналған қаржы екенін мәлімдеді. Басқарма басшысының екі орынбасары мен консультанттың қызметтік бөлмелерін қарау кезінде 4 миллион 545 мың теңге көлемінде ақша табылып тәркіленді. Тергеу бұл ақша басқарма басшысының тапсыруымен өзге де ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алынған деп есептейді.
Айыптаушы тарап күдіктінің іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлімінде қарастырылған қылмысқа жататынын мәлімдеді.
Дүзденбаев 2018 жылдың 16 қаңтарына дейін қамауда болады.
Ораз Дүзденбаевты сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомства қызметкерлері 16 қараша күні ұстаған болатын. Ол ауыл шаруашылығы басқармасын 2017 жылдың қаңтарынан бері басқарып келген.