АСТАНА, 17 қараша — Sputnik. Қарағанды облысының тұрғыны жоғалып кеткен інісінің өзімен бірге тұратын балаларына әлеуметтік төлем алу үшін соттан оны өлді деп тануды сұрады, деп хабарлайды Осакаров ауданының № 2 аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сот Шідерті ауылы тұрғынының азаматты қайтыс болды деп тану туралы талап арызы бойынша азаматтық ісін қарады.
"Арызданушы өз інісін қайтыс болды деп тану туралы арызбен сотқа жүгінді. Інісі 2014 жылы жұмыс орнынан шығып кеткен, осы уақытқа дейін ешқандай хабар жоқ. Өз бетінше іздестіру жұмыстары нәтиже бермеген. Істі сот талқылауына дайындау кезінде сотқа арызданушының інісі туралы ешқандай мәлімет түспеген, газеттегі жарияланымға ешкім хабар бермеген", — деп жазылған хабарламада.
Сот шешімі арызданушыға өзімен бірге тұратын інісінің балаларына әлеуметтік төлемдерді алу үшін қажет болған, ал балалардың анасы ата-аналық құқығынан айырылған.
Сот іс материалдарын зерттеп, арызданушының пікірін тыңдап, арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарды.