АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты Ақ үйге шақырды. Бұл туралы Астана клубының үшінші отырысында белгілі болды.
Ақорда баспасөз қызметі YouTube-тегі каналына отырыстың видеосын жариялады.
"Жақында телефон арқылы әңгімелескенімізде президент Трамп мені Ақ үйге шақырды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді, мен де сонда боламын. Сол уақытта Вашингтонға барамын деп келістік. АҚШ сияқты әлемнің жетекші елімен талқылайтын мәселе әрдайым табылады», — деді Назарбаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда 300-ден астам америкалық компания жұмыс істейді. Олар ел экономикасына 50 млрд долларға жуық инвестиция құйды. Қазақстан Америкамен бірлескен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті.