АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. Қазақстандық шахматшы Динара Сәдуақасова БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы ерікті елшісі атанбақ.
ЮНИСЕФ-тің құрметті атағы 1954 жылдан бері беріліп келеді. Ұйым балалардың құқығын қорғауға үлес қосып жүрген танымал адамдардың көмегімен балалар проблемасына назар аударуды көздейді.
Динара Сәдуақасова – Қазақстан мен Орталық Азия шахматшыларының арасында рейтингі ең жоғары халықаралық гроссмейстер. Ол әлемдік рейтингте 23-ші орын алған.
"Динараның ерікті елші болып тағайындалуы Қазақстандағы мұқтаж балалардың проблемасына назар аударуға мүмкіндік береді", — деп санайды ЮНИСЕФ.
2009 жылы әнші әрі композитор Батырхан Шүкенов ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы алғашқы ерікті елшісі атанған еді.