АСТАНА, 16 қараша — Sputnik. Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Қазақстанмен шекарадағы жағдайға қатысты айтқан сөзіне түсініктеме берді.
"Дипломат әрі сыртқы саяси ведомствоның басшысы ретінде өзге ел мемлекет басшысының сөзіне баға беруге құқым жоқ. Тек Қырғызстан президентінің сөзі халықтарды араздастырады және зайырлы мемлекет басшысының мәртебесіне сәйкес келмейді деген танымал саясаттанушылардың бірінің пікіріне қосыламын", — деді Әбдірахманов журналистерге.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Алмазбек Атамбаев Қазақстан басшылығының іс-қимылы мен Еуразиялық экономикалық комиссияның әрекетсіздігі ЕАЭО-ның беделіне зиян келтіріп отыр деп мәлімдеген болатын.
Ал бүгін Қырғызстан басшысы 100 миллион доллар бөлу туралы Қазақстанмен жасалған келісімнің күшін жою туралы заңға қол қойды.
"Заңның екінші бабына сәйкес Қырғызстанның сыртқы істер министрлігіне бекітілген тәртіпте Қазақстан үкіметін келісімнің күші жойылғанынан құлағдар ету тапсырылды", — деп жазылған хабарламада.