АСТАНА, 15 қараша — Sputnik. Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев жаңадан сайланған мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбековтен адал жұмыс істеуді сұрады, деп жазды Sputnik Қырғызстан.
"Жаңадан сайланған президентке бар жақсылықты тілеймін. Досым, мені ұятқа қалдырма, ашық әрі әділ жұмыс істе", — деді ол Тұрақты даму жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында.
Бұл отырыс Атамбаевтың төрағалығымен соңғы рет өтті.
Қырғызстан президенті қазір парламентте айқайшылар мен арзан беделге құмар адамдар аз қалғанын атап өтіп, ендігі жерде Жогорку Кенеш конструктивті жұмыс істейтініне сенім білдірді.
Отырысты аяқтаған Атамбаев кеңес мүшелеріне бірлесе жұмыс атқарғаны үшін алғыс айтты.