АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Синоптиктер алдағы күндердегі ауа райына болжам ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Қазгидромет» РМК ақпаратынша, Қазақстанға Ресейдің еуропалық бөлігінің орталық аймақтарынан атмосфералық ағымдар ығысады. Соның әсерінен кей жерлерде ауа райы жауын-шашынды, әсіресе қар жауып, тұман түседі, көктайғақ болып, жел соғады. Солтүстік облыстарда бұрқасын болады деп болжануда.
Тропосфералық ауа ағыны, негізінен, батыс бағытта болатындықтан, ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді. Қалыпты температурадан 2-5 градус жоғары болады.
14 қарашада Қостанай облысының кейбір аудандарын күні бойы тұман басады. 14-16 қараша аралығында Қызылорда облысының кей жерлерінде тұман түседі деп болжануда.