АСТАНА, 13 қараша — Sputnik. Шымкент-Астана бағытында қатынайтын ұшақтың жолаушысы қаза болды, деп хабарлайды TVK арнасы.
Ұшақ аспанға көтерілгеннен кейін жолаушылардың бірі өзін жайсыз сезініпті. Өкінішке орай, оған алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, аман алып қалу мүмкін болмаған. Сөйтіп, ұшақ шұғыл түрде кері қайтқан. Ал, әуежай қызметкерлері дереу жедел-жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақыртқан.
Тексеру кезінде қаза болған азамат 1947 жылы туған Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы екен анықталған. Бірақ, бүгінгі күнге дейін Астана қаласында тұрып келген. Сондай-ақ, онымен бірге ұшақта әйелі болған.
Әйелінің айтуынша, 70 жастағы жолаушы қант диабетімен ауырған екен. Қазір тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.