АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Отандық шоу-бизнес жұлдыздары қазақстандықтарды қазақ тілінде ұялмай сөйлеуге шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстандық жұлдыздар сөзден іске көшті. Олар қазақ тілінде видео түсіріп, инстаграмға жүктеп, эстафетаны жалғастырып жатыр. "Сөйле, айналайын" деп аталатын флешмобты Gakku телеарнасының продюсері Тимур Балымбетов бастады. Мұндай бастамаға Rin'Go тобының солисі Әділжан Омаров жариялаған видео түрткі болған.
Әнші инстаграмдағы парақшасында жариялаған видеода өзі ұйғыр болса да, қазақ тілін білуі керектігін, сол тілде сөйлеуі керектігін айтады. Барша қазақстандықты қазақ тілінде сөйлеуге шақырады. Бір апта бұрын жарияланған видео 30 мыңнан астам рет қаралған.
"Иә, мен ұйғырмын. Бірақ мен – Қазақстан азаматымын. Осы жерде туып-өстім, білім алдым және жұмыс істеп жатырмын. Бұл – менің үйім. Сол үшін қазақ тілінде сөйлеуім керек, білуім керек. Сендер де қазақша сөйлеңдер. Мейлі акцентпен болсын, мейлі нашар болсын. Ең бастысы, ақырындап сөйлей беріңіздерші. Сосын мен сияқты үйренесіздер", – дейді Әділжан Омаров.
Осыдан кейін продюсер Тимур Балымбетов те видео жариялап, #soileAinalaiyn флешмобын бастады.
"Досым Әділжан Омаров инстаграм парақшасына керемет видео салды. Сол видеоны көргеннен кейін, менде бір ой пайда болды. Достарымның арасында өзге ұлт өкілдері жеткілікті, олардың арасында қазақ тілін меңгеріп жүргендері де бар. Мен олардан "қазақ тілін үйренудегі ең үлкен қиыншылық не?" деп сұрағанымда, олар "қазақтардың акцентті қабылдамайтындары" деп жауап берді. Біз дүкенге барғанда, таксистермен сөйлескенде, біздің акцентпен сөйлеп жатқанымызды байқайды да, бірден орыс тіліне ауысып кетеді дейді достарым. Сондықтан құрметті қазақстандықтар, акцентпен сөйлейтін қазақтарымызды немесе өзге ұлт өкілдерін қолдайық, оларға ұрыспайық. Керісінше шабыт берейік. Мен осы тұста жаңа бір флешмоб бастағым келіп тұр. "Сөйле, айналайын" деп аталады. Егер де сіз қазақ тілін енді үйреніп келе жатсаңыз, акцентіңіз болса, ұялмай қазақ тілінде бір-екі ауыз сөз видео түсіріп, #soileAinalaiyn хештэгімен салып жіберіңіз. Бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз, мейірімділігіміз арта берсін", — дейді продюсер.
Флешмобты эстрада жұлдыздары бірден қолдап кетті. Олардың арасында әнші Дильназ Ахмадиева, продюсер Эрик Тастембеков және тағы басқалары бар.
"Сәлем достар, менің сәл акцентім болса да, мен қазақ тілінде сөйлеуден ұялмаймын. Сіздер де ұялмаңыздар. Сөйле, айналайын", — деп видео жариялаған Дильназ эстафетаны Ринат Малцагов, Лидо, Рано Омарова мен Эрик Тастембековке берді.
Эстафетаны жалғастырған Эрик Тастембеков кеңес заманында қазақ тілінде оқуға мүмкіндік болмағанын, бірақ бүгінде қазақша сөйлеуге барынша тырысып жүргенін айтты.
"Қазақша сөйлегенде қиналамын, бірақ сонда да жақсы сөйлеуге тырысамын", — деген продюсер эстафетаны продюсер Санжар Мұстафинге, актриса әрі продюсер Баян Мақсатқызына, продюсер Бағым Мұхитденова мен бизнесмен Тұрсынғали Алагөзовке берді.
Жұлдыздар бастаған флешмобқа шоу-бизнес өкілдері ғана емес, қарапайым қазақстандықтар да қосылып жатыр. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де жетерлік. Олар инстаграмда қазақ тілінде видео түсіріп, эстафетаны жалғастыруда.