АСТАНА, 13 қараша — Sputnik. Мәжілісте өткен отырыста Ұлттық банк төрағасының орынбасары депутаттың қазақ тілінде қойған сұрағына қазақша жауап бере алмады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы таныстырылды. Құжатты талқылау барысында депутат Бақытгүл Хаменова баяндамашыға сұрағын қазақ тілінде қойды.
"Менің сауалым қазақша болады. Бәріне де қазақ тілі түсінікті, сондықтан қазақша жауап беруіңізді сұраймын", — деді сөзінің басында депутат.
"Аты дардай заң жобасы, сөз жоқ. Мынау адымдап бара жатқан заманда бұл заң жобасы керек-ақ. Бірақ осы заң қалай орындалып жатыр? Осы күнге дейін орындалуы қалай болды? Соған бақылау жүргізіп келесіздер ме? Ауылдан келген қаракөз бауырларымыздың құрылыс компанияларында, қала берді қара жұмыста жүріп, талай арандап қалып жатқаны жасырын емес. Оқыс оқиғалардың кесірінен олардың денсаулығына зиян келгендігіне сіз де, біз де куәміз. Бірақ ешқандай сақтандыру болып жатқан жоқ", — деді Хаменова.
Бұдан бөлек, депутатты омбудсмен институтының жұмысы қызықтырды.
"Заң жобасында омбудсмен үш жылға сайланады, бірақ екі реттен көп емес деп тұр. Оны кім сайлайды? Сегіз жылдың ішінде екі мыңға жуық істерді шешуге қатысы болды дедіңіз. Сол омбудсменнің жұмысына кеңірек түсінік берсеңіз", — деген депутат сақтандыру компанияларына бақылау қалай жүргізілетінін сұрады.
Ал баяндамашы – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Жанат Құрманов депутаттың өтінішін орындай алмайтынын айтты.
"Түсіндім, рахмет сұрақтарыңызға. Кешіріңіз, мен орысша жауап беремін. Өйткені терминология бойынша кейде сөзім жетпей қалады. Сондықтан орысша жауап беремін", — деген ол орысша сөйлеп кетті.
"Омбудсмен бойынша көп сұрақ туындайды. Бұл аталмыш инстиуттың елімізде енді қалыптасып келе жатқанына байланысты. 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бірақ ол көлік иесінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша ғана жұмыс істейді. Бүгінгі күні омбудсмен қызметінің оң нәтижесі бар, сондықтан оның қызмет аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл сотқа дейін көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді. Шын мәнінде, омбудсмендерді сақтандыру компаниялары сайлайды. Біздің ойымызша, нарық тетігінің заңы осы, яғни нарық қатысушылары дауларды сотқа дейін шешетін кәсіби қатысушыны анықтайды. Оны сақтандыру компанияларының кеңесі сайлайды. Бұл кеңесте ұлтты банктің өкілдері бар. Біз барлық сұрақтарды мүдделер қақтығысына жол бермеу үшін егжей-тегжей қараймыз", — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, қазір сақтандыру нарығының әлеуеті Қазақстанда толық іске асырылмай келе жатыр. Бұл ретте сақтандыру компанияларының қызметін реттеуді күшейту қажет.
"Неге? Өйткені 2020 жылдан бастап Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылады. Елде сақтандыру компанияларының шетелдік филиалдары ашылуы мүмкін. Бұл орайда біздің сақтандыру компанияларымыз экономиканың талабына жауап бермесе, ұлттық сақтандыру нарығының бәсекеге қабілеттілік мәселесі туындайды", — деді ол.