АСТАНА, 11 қараша — Sputnik. Ресейлік тілші Вьетнамда өтіп жатқан Азиялық-Тынық мұхиттық экономикалық ынтымақтастық саммитінде құжаттары мен техникасынан айырылып қалды, деп хабарлайды "Комсомольская правда" газетінің арнайы тілшісі Дмитрий Смирнов.
"Российская газета" тілшісі Кира Латухинаны белгісіз біреулер тонап кеткен. Ұрланған сөмкеде ресейлік және шетелдік төлқұжаты, басқа да құжаттары, ақшасы, техникасы, қуаттау құрылғысы, дәрі-дәрмек болыпты.
"Келіссөздердің басталуын күту үшін тілшілерді залға кіргізгенде, Қытай қауіпсіздік қызметі холлда қалған заттарды алып кетіп, кейін қайта әкелген. Бірақ олардың арасында сөмке табылмады. Саммит кезінде жоғалған затты іздеу қиын, ал Вьетнамға қонаққа келген қытайлықтар үшін мүмкін емес", — деп жазды Смирнов Facebook парақшасында.
Жәбірленуші тілші ұялы телефонымен ғана қалды, ал қалған жұрт затына мұқият қарайтын болған, деп жазады тілші.