АСТАНА, 9 қараша— Sputnik. Сенат депутаты Әли Бектаев азаматтар ажырасқан кезде төлейтін баж салығын мейлінше арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бүгінгі күні қоғамда отбасылық құндылықтар дағдарысының тереңдеп бара жатқаны жасырын емес. Осының салдарынан ажырасып жатқан жас отбасылардың саны көп, ал бұл өте қауіпті.
"Отбасын сақтап қалу мақсатында ажырасқан кезде төленетін баж салығын мейлінше арттыруды ұсынамын, сонда оның материалдық тұрғыдағы әсерін сезетін болады", — деді Бекетаев үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Сенатор отбасын қолдау және отбасылық құндылықтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ "Отбасы және неке" ғылыми-зерттеу институтын құрған да артық етпейді.
Баланың тәрбиесіндегі отбасының рөлін нығайту үшін депутат "Отбасылық өмірдің рухани негіздері" деген арнайы пән әзірлеп, оны мектеп бағдарламасына енгізген жөн деп есептейді.
Айтуынша, ата-аналардың жауапкершілігін күшейту үшін әкімшілік кодекске қылмыс немесе теріс қылық жасаған балалардың ата-анасының жауапкершілігін енгізу қажет. Бұдан бөлек, ол АХАЖ бөлімдерінде психологиялық кеңес орталығын ашуды ұсынды.