АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың сөзіне қарағанда, әкімшілік жүктемелер мен шектеу шараларын азайту мақсатында бірқатар жеңілдіктер жасалмақ. Атап айтқанда, аздаған құқық бұзушылықтар үшін газеттің тиражын тәркілеу немесе БАҚ-тың қызметін тоқтату сияқты жазаларды алып тастау көзделген.
Бұдан бөлек, ақпарат құралдарын шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратуға қатысты жауапкершіліктен босататын себептер қатары да ұлғаяды. Бұл өзгеріс мемлекеттік органдардағы БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілетті тұлғаға ерекше жауапкершілік жүктейді.
"Тағы бір мәселе, бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың суретін қандай жағдайда рұқсат сұрамай жариялауға болатыны айқындалды. Мысалы, ол көпшілік жаппай қатысатын мәдени, спорттық және басқа да шараларға, жұрт алдында сөз сөйлеуге қатысты. Сонымен қатар, қазақстандық контентті одан әрі қолдау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда тек отандық телеарналарды көрсету жоспарлануда", — деп баяндады министр.
Сондай-ақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен баланың жеке басын анықтайтын кез келген ақпаратты,оның суретін ақпарат құралдарында жариялауға шектеу қою ұсынылып отыр.
"Сонымен қатар, күмәнді ақпаратты жариялағанда туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу тәртібін өзгерту жоспарлануда. Бұл мәселеде тараптарды тең мүмкіндікпен қамтамасыз ету маңызды. Бұған қоса, заң жобасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесі де ескерілді. Мемлекеттік тілдегі жарнамалардың тең бөлінуі, сондай-ақ "балаларға арналған, діни және ағарту телебағдарламалары" сияқты ұғымдарды нақтылау бойынша шешімдер ұсынылуда", — деді ол.
Әрбір мемлекеттік органда БАҚ-пен жұмыс істейтін уәкілетті тұлға немесе құрылымды айқындау ұсынылып отыр. Бұл баспасөз хатшылары мен баспасөз қызметтерінің рөлін күшейтуге мүмкіндік береді, деген сенімде заң жобасын әзірлеуші министрлік.