АСТАНА, 7 қараша — Sputnik. Алматы облысының полициясы екі жасар баланың оқ жарақатын алу фактісін тергеп жатыр, деп хабарлайды өңірдің ІІД баспасөз қызметі.
23 қазан күні Мыңбаев ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде екі жасар бала алты жастағы ағасымен бірге ойнап жүріп, оқ жарақатын алғаны белгілі болды.
Құқық қорғаушылар оқ тіркелмеген12-ші калибрлі қарудан атылғанын анықтады. Мылтық зардап шеккен баланың немере ағасы, 47 жастағы ауыл тұрғынының үйінен табылған.
"Үй иесі қаруды ауылдың шетінен тауып алғанын айтты. Қазір оның сөзі тексеріліп жатыр. ҚР ҚК 114-бабы 3- бөлімі (Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қару тәркіленіп, қажетті сараптамалар тағайындалды", — деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.