АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Бүгін Астанада өткен "Жаңа әліпби – жаңғыру жолы" атты дөңгелек үстелде Ш.Шаяхметов атындағы Республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов апострофтық нұсқадағы әліпбиде кейбір дыбыстардың жазылу ерекшелігін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Апострофтық нұсқадағы әліпбидің ішінде у, и, дыбыстарына қатысты пікір білдіріп жатқандар көп. Соларға тоқталып өтсем. Мәселен, "у" дыбысы басында "w"-мен берілген. Диграфтық нұсқа ұсынылғаннан кейін "w"-ге қарсы шыққандар 78 пайыз болды. Сол себепті біз бұл нұсқаны қабылдаған жоқпыз. Ал апострофпен берген себебіміз, орыстың у-ы мен қазақтың у-ы бірдей емес. Қазақтың у-ы қашанда дауыссыз. Бізге оны дифтонг деп қате түсіндіріп келді. Мысалы "су" деп жазсақ та, ортасында "ұ" естіледі. Үш дыбыс естіледі, біз оны екі таңбамен жазатын болдық. Ал орыстың "у" дыбысы – дифтонг, әрі дауысты, әрі дауыссыз. "У" естілуі жағынан, фонетикалық сипаты жағынан w-ға келетін еді. Дегенмен біз азаматтардың қарсылығын ескеріп, оны апострофпен бердік. Мұндағы мақсатымыз қазақтың "у"-ын орыс тіліндегі "у"-дан ерекшелендіру болды", — деді ол.
"Енді и, й дыбыстарына келер болсақ; ұзақ и сырттан келген дыбыс, ал қысқа й – біздің төл дыбысымыз. Мысалы 1957 жылға дейін біз "мій", "жыйналыс" деп жазып келдік. Солардан біз і, ы-ны алып тастап, "ми", "жиналыс" деп жазатын болдық. Мәселен, Иманғали, Иманберді, иман – мұның бәрі арабтан, парсыдан келген сөздер. Қысқа "й" өзіміздің дыбыс. Сондықтан біз екеуін бір таңбамен бердік. Әліпбидің емле ережесінің болмауы қиындық туғызып отыр. Әліпби бар, емле ережесі жоқ. Орфографиялық сөздік те дайын емес. Сондықтан қоғамда айтылып жатқан уәждердің бәрі ескеріледі, жұмыс тобында талқыланады" — деп түйіндеді Тілешов.