АСТАНА, 7 қараша — Sputnik. Алматыдағы үлкен айналма автомобиль жолының құрылысы 2018 жылы басталады, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Қасымбек қазіргі уақытта министрлік жетекшілік ететін салалар бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша 6 жоба әзірленіп, іске асырылып жатқанын айтты.
"Алматының үлкен айналма автомобиль жолын салу және пайдалану" жобасы бойынша 2015 жылдың қаңтарында конкурстық рәсімдер басталды. Бүгінгі таңда тараптар келісімнің барлық негізгі шарттары бойынша өзара келісімге қол жеткізді және келіссөздер аяқталу кезеңінде. Концессия шартын желтоқсан айында бекіту жоспарлануда", — деп атап өтті Қасымбек үкімет отырысында.
Шарт жасасуды тездету мақсатында министрлік, консорциум мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған. Қазіргі уақытта концессия саласындағы қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізілуде.
"Барлық дайындық жұмыстары мен келіссөздер аяқталды. 5 желтоқсанда концессия шартына қол қоюды көздеп отырмыз. Келесі жылы бірінші тоқсанның соңына қарай құрылыс жұмыстары басталады деп жоспарланған", — деді министр.
Айналма жолдың құрылысы 2018-2021 жылдары жүргізілмек. Жобаның құны — 512 миллиард теңге.