АСТАНА, 5 қараша — Sputnik. Өтіп бара жатқан апта түрлі маңызды оқиғаларға толы болды. Олардың қазақстандықтардың өміріне әсер етпей қоймасы анық. Айшықты оқиғаларға Sputnik Қазақстан шолу ұсынады.
Тіркелу жеңілдеді
Елімізде тұрғылықты жер бойынша тіркелу рәсімі жеңілдетілді. 1 қарашадан бастап барлық халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеудің жаңа тетігі іске қосылды. Әділет министрлігі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясымен бірлесіп ақпараттық жүйені кіріктіріп, оны сынақтан сәтті өткізген.
Жаңа тәртіп бойынша тіркеу кезінде азаматтардан баспанаға құқық белгілеуші құжаттар немесе жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама талап етілмейді. Мекенжай мәліметтері жүйеге мекенжайдың тіркеу коды негізінде енгізіледі.
Жаңа жол белгілері пайда болады
Қазақстанда 30-ға жуық жаңа жол белгісі пайда болады. Бұл 11 қарашада жол жүру ережесіне енгізілген өзгерістердің күшіне енуіне байланысты.
Жаңатылған жол қозғалысы ережелерінде бұрын болмаған ұғымдар бар. Мысалы: "велосипедші", "велосипед жолы", "велосипед қозғалысының жолағы".
Бұдан бөлек, "мопед" және "жол жиегі" анықтамалары кеңейтілді. Енді велосипед жолы және велосипед жолағымен жасына қарамастан барлық велосипед және мопед жүргізушілеріне жүруге рұқсат беріледі.
Велосипед жолы болмаған жағдайда 14 жастан асқан жүргізушілерге жолдың оң жиегімен, оның ішінде маршруттық көліктердің жолағымен жүруге болады. Ал 14 жасқа жетпеген велосипедшілерге жаяу жүргіншілерге қауіп болмаған жағдайда жол жиегі және жаяужолмен жүруге рұқсат беріледі. Егер қауіп туындаса, велосипедші көлігінен түсіп, жаяулап жолын жалғастыруы тиіс.
Жаңа белгілердің ішінде "Фотобейнефиксация", "Сұйылтылған мұнай газы жанармай құю станциясы", "Табиғи тығыздалған газы жанармай құю станциясы", "Жол қозғалысы туралы ақпарат тарататын радиостанция қабылдау аймағы", "Бассейн немесе жағажай", "Дәретхана" секілді белгілер бар.
Әскери қызметтегі өзгеріс
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерін бекіту туралы" жарлыққа енгізілген өзгерістерге қол қойды. Бұл өзгерістер оқыту, әскери қызмет мерзімі, шен беру, лауазымдарға қойылатын талаптар, әскер қатарына шақырылатындардың жасы, лауазымға тағайындау, сыйақы беру және материалдық көмек беруге қатысты болып отыр.
Қорғаныс министрлігі кадрлар департаментінің басшысы, полковник Қайрат Көпбаев хабарлағандай, әскери қызмет өткеру ережелері айтарлықтай өзгерген жоқ, десе де барлық норма әскери қызмет жағдайын жақсартуды, әскери қызметшілердің әлеуметтік кепілдерін қамтамасыз етуді, әскери қызметке алу рәсімін жеңілдетуді көздейді.
"Айталық, бұрын әскери қызметке 42 жасқа дейін шақырылатын, енді қазір ол 32 жасқа дейін төмендетіліп отыр. Бұл бүгінгі күні Қазақстанда кәсіби офицерлік корпус жасақталған деген сөз. Сонымен қатар офицерлердің еңбекақысы бірнеше есе өсті. Әскери қызметші өзінің кәсібилігін дәлелдесе, үстемеақы алады. Бірақ іріктеу қатаң жүргізілетін болады", — деді Көпбаев.
Arqalyq habary
Арқалықта жергілікті газеттің бір саны латын графикасында басылып шықты. "Арқалық хабары" газетінің мақалалары, сондай-ақ атауы жаңа қазақ әліпбиінің талаптары ескеріле отырып, латын қарпінде жазылды. Газет жарық көрген күні редакция оқырмандарын ашық дилогқа шақырып, газеттің латын әлібиіндегі саны туралы пікірін жолдауды сұрады.