АСТАНА, 4 қараша — Sputnik. Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Расул Манапов қоғамдық жұмысты атқаруға кірісті.
Мемлекеттік қызметкер қызметтік көлікті жеке шаруасына пайдаланғаны үшін жаза ретінде 20 сағат еңбек етуі тиіс.
"Әкімнің орынбасары жұмысшылар бригадасымен бірге Республика алаңындағы субұрқақты қысқы кезеңге дайындады. Субұрқақты тазалап, нысанды тұмшалаумен айналысты", —деп хабарлады Өскемен әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жазықты болған мемлекеттік қызметкер бүгін арнайы киім киіп, таңертеңгі 8-ден 11-ге дейін "Өскемен Тәртіп" коммуналдық кәсіпорнының құрамында еңбек етті. Оның уақытша бастығы — аға шебердің айтуынша, шенеунік жұмыстан қашпай, қолынан келгенше сапалы атқаруға тырысқан.
Нұрахметов мемлекеттік қызметкердің қоғамдық жұмысқа жегілгенін алғаш рет көргенін айтты.
Бұдан бұрын Расул Манапов қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта пайдаланғаны үшін әкімнен қатаң сөгіс алған болатын. Қала басшысы оған келесі жылға дейін қазынаның көлігін қолдануға тыйым салды.
Әкімнің баспасөз қызметі Манапов мемлекетке келтірілген шығынды өтегенін, 20 сағат қоғамдық жұмысты атқаруға өз еркімен шыққанын атап өтті.