АСТАНА, 3 қараша — Sputnik. Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ АІІБ бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры О.Амандықов ішімдікке сылқия тойып алып төбелес шығарған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы
"Ютуб" әлеуметтік желісінде жарияланған бейнематериал бойынша Созақ АІІБ бастығының бірінші орынбасары полиция майоры О. Амандықовқа қатысты қызметтік тексеру жүргізілді. Аталған жайт негізінде СДТБТ-не ҚР ҚК-нің үш бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді: 149 "Тұрғынжайға қолсұғумаушылықты бұзу", 362 "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіліктерді аса пайдалану", 293 "Бұзақылық", — деп жазылған ресми ақпаратта.
Бірнеше сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда Амандықов уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Тәртіптік комиссиясының шешімімен О.Амандықов Ішкі істер органдары қатарынан босатылды. Сондай-ақ, Созақ АІІБ бастығы, оның тергеу ісі және қызмет жөніндегі орынбасарлары атқарып отырған лауазымынан босатылды.
ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметі Созақ АІІБ ЖПҚ бастығын лауазымынан босату туралы ұсыныс Созақ ауданының әкімдігіне жіберілді.