АСТАНА, 3 қараша — Sputnik. Ташкентте өтіп жатқан ТМД елдері үкімет басшылары Кеңесінің кезекті отырысында Қырғызстанның премьер-министрі Сапар Исаков қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуалды сынға алды.
"Қырғызстан ТМД еркін сауда аймағы келісімі аясында сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін Өзбекстанмен хаттамана ратификациялады. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта ТМД құрамындағы кейбір елдердің тауар транзиті еркіндігі қағидасын сақтамауынан еркін сауда аймағы жұмыс істеп тұр деп айту қиын", — деп мәлім етті деп жазады Sputnik Қырғызстан.
Исаковтың атап өтуінше, қолданыстағы келісімдер мен уағдаластықтарға қарамастан Қазақстан 10 қазаннан бастап шекарада жасанды түрде кедергілер тудырып отыр. Айтуынша, күнде бақылау-өткізу бекеттерінде 500-600 жүк көлігі кезекте тұрады, шекараны кесіп өту үшін жүргізушілерге бес тәулікке дейін уақыт керек.
Қырғыз премьері Қазақстанның «контрабандамен күресіп жатырмыз» деген уәжін де сынға алды.
«Қырғызстанда өсірілген ауыл шаруашылығы өнімін немесе Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тізіліміндегі кәсіпорындардың Қазақстан нарығына жеткізілетін сүт өнімін контрабанда деп айтуға бола ма? Мүмкін Ресейге транзитпен баратын жүктің 80 пайызы да контрабанда шығар?», — деді Исаков.
Сондай-ақ ол Қырғызстанға үшінші елдерден келетін теміржол вагондарын тоқтатып, тексеру фактілері тіркеліп жатқанын тілге тиек етті.
«Қырғызстан кәсіпкерлеріне Қазақстанның мемлекеттік кірістер комитетінен жүктерді «жіті (толық – агенттік ескертп.) кедендік тексерістен» өткізу үшін келу қажеттігі туралы хабарлама келіп жатады. Мен ерекше назар аудартып айтамын – Еуропадан жеткізілетін транзиттік жүктер. Қырғызстанға жеткізілетін жүктердің бәрі бір сәтте контрабандалық бола қалды ма?», — деп ашуланды премьер.
Исаков сауда-саттықтағы жасанды кедергілер бизнесмендерді қаржылай шығынға ұшырататынын, ЕАЭО-ның негізгі қағидаттарына қайшы келетінін атап өтті.
Қырғызстан Еркін сауда аймағы туралы шартты Қазақстан толық орындамай отыр деп санайды. Бұл тауарлардың еркін қозғалысы үшін жағдай жасауға және еркін сайда аумағының тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.
Қазақ-қырғыз шекарасындағы проблемалар 10 қазанда басталды. Қазақстан билігінің мәлімдемесі бойынша, мұның бәрі «сұр» импортқа қарсы күрестен кейін туындаған. 18 қазанда Сапар Исаков Астанаға жұмыс сапарымен келген еді. Сапар барысында қырғыз премьері тексеріс кезінде жеке жүгі бар азаматтар, жолаушылары бар рейстік автобустар, жеңіл көліктер мен бос жүк көліктеріне басымдық беру туралы уағдаласты. Осыдан кейін автокөліктер шекарадан жылдам өткізіле бастады.