АСТАНА, 3 қараша — Sputnik. Рудный қаласының ІІБ жол-патрульдік полициясының қызметкерлері дүкендердің бірін тонаған адамды 7 минуттың ішінде ұстады, деп хабарлайды alau.kz.
Қостанай облысы ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыс 1 қараша күні сағат 17.00 шамасында жасалған. Белгісіз біреу дүкенге кіріп келіп, бірден 61 жастағы зейнеткер әйелдің бетінен ұрады. Тонаушы ақша талап еткен. Алайда қартаң әйел қылмыскермен алыса кетіп, дүкеннің табысын бермеген. Сол сәтте күдікті планшет пен ұялы телефонды тартып алып кетеді.
«Сатушы дереу полицияға хабарлады. Ол шабуылдаған адамның белгілерін айтып берді. Осы уақытта сол маңда жергілікті полиция қызметінің автопатрулі жүрген болатын. Полицейлер күдіктіні Чехов көшесінде ұстады. Ол 26 жастағы Рудный тұрғыны болып шықты. Бұрын тонаушылық жасағаны үшін сотталған», — деп хабарлады ІІД баспасөз қызметі.
Ол уақытша ұстау абақтысына қамалды. ҚР ҚК 191-бабы 2-бөлімі «Тонау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.