АСТАНА, 3 қараша — Sputnik. "Астана" футбол клубы жұмаға қараған түні Тель-Авивте Еуропа лигасының топтық кезеңі аясындағы матчта жергілікті "Маккаби" командасын 0:1 есебімен жеңді. Ойындағы жалғыз голды Патрик Твумаси соқты.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қазан күні Қазақстанның елордасындағы алғашқы ойын 4:0 есебімен "Астананың" жеңісімен аяқталды. Сол кезде қазақстандық команданың бас бапкері Станимир Стойлов шәкірттері сырт алаңда да жеңіске жетсе, оны "топ-сенсацияға" жатқызуға болатынын айтқан еді.
Қазақстан чемпионы "Маккабиді" сырт алаңда ұтқаннан кейін, өз тобында екінші орынға көтерілді. Бірінші орында испаниялық «Вильярреал» командасы тұр.
Сонымен, «Е» тобындағы төрт турдан кейін командалардың орналасу кестесі мынадай: «Вильярреал» — 8 ұпай, «Астана» — 7, «Славия» — 5, «Маккаби» — 1.