Қазақстанда орташа өмір сүру жасы Еуропаның дамыған елдерімен салыстырғанда 8,5 жылға төмен, яғни бізде 72, дамыған елдерде 80,2 жас. Бұл туралы қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің дамуына арналған баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханова айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Орталық коммуникациялар қызметінің сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ елімізде әйелдермен салыстырғанда ерлердің орташа өмір сүру жасы 9 жылға төмен, әйелдерде бұл көрсеткіш 76,5 жас болса, ерлерде – 67,5.
"Мұның басты себебі салауатты өмір салтының болмауынан туындайтын созылмалы инфекциялық емес аурулар, оның ішінде қант диабеті, жоғарғы қан қысымы және 15-29 жас аралығындағы жастардың жол апаты, суицит салдарынан бақилық болуы себеп болып отыр", — дейді спикер.
Сонымен қатар елімізде қант, тұз, трансмайларды қолдану жағынан көрсеткіш нашар. ДДСҰ бекіткен күнделікті тұтынуға арналған тұз мөлшері 5грам болуы керек, алайда бізде кейбір облыстарда орташа тұз тұтыну сөлшері 16 грамнан асады. Күніне тұтынылатын қант мөлшері 25 грамнан аспауы керек, өкінішке орай елімізде бұл көрсеткіш ересектер арасында 100 грам, ал балалар арасында күніне 150-160 грамнан асып түсіп отыр. Елімізде әр бір 5-ші бала артық салмақ жинаған.