АСТАНА, 2 қараша — Sputnik. Алматы облысының полициясы тәртіп сақшылары шетелдікпен алысып жатқаны жайлы әлеуметтік желіде тараған видеоға түсініктеме берді.
Ішкі істер департаментінің мәліметінше, оқиға 31 қазан күні Панфилов ауданының Қорғас ауылында болған. Видеодағы ер адам – Қытай азаматы.
"Құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік орган қызметкерінің заңды бұйрығына немесе талабына бағынбау" бабы бойынша шетелдікке қатысты әкімшілік хаттама толтырылды", — деп хабарлады облыстық полиция.
Іс аудандық әкімшілік соттың қарауына жолданды.
Сол күні Қорғас елді мекенінде жеңгетайлық жасады деген күдікпен тағы бір Қытай азаматы ұсталды.
Полицияның мәліметінше, 41 жастағы шетелдік Солтүстік Қазақстаннан келген екі қызды жезөкшелікке тартқан.