АСТАНА, 2 қараша — Sputnik. Егер Бішкек бірлесіп жұмыс істеуден бас тартса, Қазақстан Қырғызстанмен шекарада бақылауды күшейтуге мәжбүр болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басшысының орынбасары Ғосман Әмрин мәлімдеді.
Әмриннің айтуынша, тауар жеткізуде шекарада кедендік, салық, фитосанитарлық, көлік заңнамасы көп бұзылады. Шекарадағы проблема да осымен байланысты.
"Шекарадағы мәселелер Еуразиялық экономикалық комиссияның арнайы мониторингі кезінде дәлелденді. Бұл анық. Проблема бар, ендігі мәселе – оны қалай шешу керек? Мен бір ғана шешім көріп отырмын – бұл бірлесіп жұмыс істеу. Егер олар бұдан бас тартып, бізге ақпарат бермесе, бізбен бірге жұмыс істемесе, онда біз заңнаманың бұзылуына, тауарлар ағынына жол бермес үшін бақылауды күшейтуге мәжбүр боламыз", — деді Әмрин журналистерге.
Ол бұған дейін бірнеше рет ұсыныс жасалғанын, алайда ешбірі іске аспағанын айтты.
"Қырғызстан үкіметтік делегациясының соңғы сапарында біз дәл осындай іс-қимыл форматын ұсындық. Бірінші: бірыңғай баға индикаторын белгілеу, яғни Қазақстандағы, Қырғызстандағы баға бір болуы керек, сонда заң бұзушылық та болмайды. Біз бағаны бақылауды ұсындық", — дейді Әмрин.
Екіншіден, Қазақстан Қырғызстан өкілдеріне қазақстандық шекараға келуді ұсынды.
"Көрші ел Қазақстан өз мүмкіндіктерін теріс пайдаланып отыр деп ойламасы үшін, қырғыз тарапына бізге келуді ұсындық. Ал біз "сіздердің шекараларыңызға барып тұрайық" дедік. Өкінішке қарай, қырғыз тарапының жауабы оң болмады. Олар Қырғызстан заңнамасына сәйкес қазақ кеден қызметі олардың бекеттеріне келе алмайтынын айтты. Біз "онда сіздер бізге келіңіздер" дедік", — дейді комитет басшысының орынбасары.
Әмрин қос тарап ақпарат алмасу туралы уағдаласқанын атап өтті.
"Өткен аптада біз тауар, оның бағасына қатысты барлық ақпаратты ресми түрде оларға жібердік. Ал қырғыз тарапынан әзірге ештеңе келген жоқ, күтіп отырмыз", — деді Әмрин.
Аталған шаралар заң бұзушылықпен байланысты проблемаларды шешуге бағытталған Жол картасына енгізілді. Жол картасына әзірге қол қойылған жоқ.