АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Қостанайда полиция жергілікті диірмен кешенінде еркінен тыс жұмыс істеген 16 Өзбекстан азаматын босатты. Ақпаратты «Қазақстанның жыныстық және репродуктивтік денсаулық ассоциациясы» ҮЕҰ Қостанайдағы филиалының қызметкері Александр Косюк Sputnik Қазақстан тілшісіне растады.
Косюктің айтуынша, босатылғандардың арасында кішкентай баласы бар әйелдер болған. Арнайы операция өткізу барысында полиция қызметкерлері диірмен кешенінде 18 шетелдік азамат жұмыс істейтінін анықтады. Алайда оның екеуі бизнесменге шағым беруден бас тартты.
Шетелдіктер бірде-бір құжат көрсете алмады, өйткені олардың құжаттарын тартып алып, сейфте сақтаған.
Сотқа дейінгі тергеу басталды, алайда өңір полициясы әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Александр Косюк сондай-ақ бостандыққа шыққандарды қоғамдық ұйым жалдамалы баспанаға орналастырғанын хабарлады.