АСТАНА, 1 қараша– Sputnik. Бүгін Астана қаласы мамандандырылған экономикалық соты 9 айды қорытындылады. Брифинг барысында экономикалық сот судьясы Айгүл Жамансариева соттағы ақпараттық технологиялар туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жоғарғы сот төменгі сатыдағы соттармен бірлесіп қолжетімділікті, ашықтықты көтеру мақсатында жаңа технологияларды енгізу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл шаралар уақытша емес, тұрақты қолға алынған. "Сот кабинеті" жаңашылдық емес, соңғы бірнеше жылда жұмыс істеп келеді. Қазір экономикалық сотқа түсетін талап-арыздардың жүз пайызы осы сот кабинеті арқылы берілетінін айта аламыз. Бұл ыңғайлы әрі жылдам. Арызданушы сотқа келмей-ақ, қалаған уақытында интернет арқылы арыз беріп, кейін процесті бақылай алады", — деді Жамансариева.
Соттағы тағы бір жаңашылдық – сот бұйрықтарын электронды форматта енгізу.
"Соңғы жаңашылдықтардың бірі сот бұйрықтарын электронды форматта енгізу. Шілде айынан бастап біз аталған бағытта жұмыс істеп жатымыз. Қазір электронды форматқа жүз пайыз ауыстық. Яғни, сот бұйрықтарының бәрі оны әрі қарай орындауға электронды түрде жіберіледі. Сонда-ақ, "Электронды сенімхат" жаңашылдығын да атап өткім келеді. Яғни бір батырманы басу арқылы сенімхатты электронды түрде ала аласыз. Кейін сот оны өндіріске қабылдайды", — деді судья.
Сондай-ақ, Астана экономикалық соты баспасөз қызметінің ақпаратынша, сот өндірісінің қатысушыларына хабарламаларды электронды түрде жіберу жобасы іске асырылуда. Яғни қатысушының телефон нөміріне шақыру қағазы СМС-хабарлама арқылы жіберіледі. Бұған қоса, Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 21 сот отырысы залы жүз пайыз техникалық жазба жүйесімен жабдықталған. Нәтижесінде судьялардың әрекетіне шағымдану саны төрттен бірге азайды.