АСТАНА, 31 қазан — Sputnik. Қырғызстан бас тартып жатқан қаражаттың қайда жұмсалатынын үкімет келесі жылы ақпан айында шешеді, деп хабарлады Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Айта кетсек, Қырғызстан парламенті Қазақстанмен жасалған 100 миллион доллар көмек туралы келісімнің күшін жою жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.
"Біздің парламент қырғыз еліне 100 миллион доллар көмек беру туралы келісімді ратификациялаған болатын. Енді оның күшін жою үшін бізге ішкі процедураларды жүргізу керек. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін бұл қаражатты қайда жұмсау қажеттігі жөнінде шешім қабылданады. Келесі жылы ақпанда бюджетті нақтылау кезінде осы мәселе қарастырылуы мүмкін", — деп жауап берді Сүлейменов Бішкек бас тартып жатқан қаражат қайда жұмсалады деген сұраққа.
Қазақстан биылғы жылы шілдеде Қырғызстанға 100 миллион доллар бөлу туралы келісімді ратификациялады. Бұл қаражат Қырғызстанға Еуразия экономикалық одаққа қосылуына байланысты іс-шаралары жүзеге асыру үшін ұсынылды.