АСТАНА, 30 қазан — Sputnik. Жиырма күнде Қырғызстан тасымалдаушылары Қазақстан заңнамасын 360 рет бұзды, деп хабарлады ҚР Инвестициялар және даму министрлігі.
Биыл қазан айының 10-ы мен 30-ы аралығында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің өкілдері Қырғыз Республикасы тасымалдаушылары тарапынан жасалған 360 заңбұзушылықты анықтаған. Осы уақытта 3054 автокөлік тексерілді.
"Тексерістердің нәтижесінде тасымалдаушыларға жалпы сомасы 11,8 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды", — деп хабарлады министрлік.
Көлік комитеті ең жиі кездесетін заңбұзушылықтарды атады.
"Ең жиі кездесетін заңбұзушылық тез бүлінетін жүктерді тасымалдау сертификатының болмауы. Мұндай заң бұзушылықтың үлесінде 151 дерек бар немесе 40 %-ды құрайды. Сондай-ақ, тауар-көлік жүк құжатының (CMR) болмағаны үшін тасымалдаушыларға 103 рет айыппұл салынды; салмақ және габарит параметрлерін сақтамағаны үшін 69 рет; жолаушыларды тұрақсыз тасымалдауға арналған қазақстандық рұқсат бланкілерінің болмағаны үшін 13 рет; каботажды тасымал жасағаны үшін –11 рет; жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 6 рет; қауіпті жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 5 рет және тағы басқа да айыппұлдар салынды", — делінген министрлік таратқан ақпаратта.