АСТАНА, 30 қазан — Sputnik. Ақтөбе облысында діни ахуал тұрақты, деді орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.
"Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету" жобасын жүзеге асыру оның тиімділігін көрсетті. Биылғы жылы құқық бұзушылық жағдайларының 27%-ға немесе 14 мыңнан 10,2 мыңға азаюы, кісі өлтіру 32%, ұрлық 31%, бұзақылық 25%, тонаудың 22%.төмендегені байқалып отыр. Сондықтан, десанттардың жұмысын жандандыру туралы шешім қабылданды. Үстіміздегі жылдың 9 қазаннан бастап мобильді топтар облыстың 8 ауданында 6 бағыт бойынша жұмыс істейді. Жалпы алғанда 100 мыңнан астам адамды қамтитын 1500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған" — деген Сапарбаев діни экстремизмнің алдын алу және сақтандыру бойынша бірыңғай кешенді іс-шаралар жоспары қабылдағанын да жеткізді.
Осыған байланысты биыл облыста 12 имам жұмысқа тартылды. Қоғамдық қорлар есебінен бюджеттен тыс қаражатқа өңір имамдарының еңбекақысы жүйеленген.
Сонымен қатар, "Ақтөбе" медресесі мемлекеттік лицензия алып, арнайы орта білім туралы диплом беру құқығы бар колледж мәртебесіне ие болды. Қазіргі уақытта мұнда 116 тәрбиеленуші білім алады, оның ішінде 72 ақтөбелік бар.