АСТАНА, 23 қазан — Sputnik. Биыл ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Шаханов 75 жасқа толып отыр. Осы даталы мерекеге орай Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ақынмен арнайы кездесіп, мерейлі мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында өңір басшысы халық жазушысының қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтті.
"Сізді өткен ғасырдан жақсы танимыз. Біз сіздің өлеңдеріңізді оқып өстік. Әлі есімде 1986 жылы Мәскеуде өткен шығармашылық кешіңізге де куә болған едім. Сол жылдары Мәскеудің төрінде жеке кеш өткізуіңіздің өзі үлкен ерлік еді. Одан кейінгі жылдары Желтоқсан оқиғасына байланысты талай бастамалар көтеріп, халықтың мәселесін жеткізіп жүрдіңіз. Бұл сіздің тек ақындығыңыз ғана емес, адами отансүйгіштік қасиетіңіздің айқын көрінісі. Сіз Оңтүстіктің мақтанышысыз, біз сізбен мақтанамыз, қазақ әдебиетінің абызы ретінде елімізге орасан зор еңбек сіңіріп келесіз", — деді Жансейіт Қансейітұлы.
Қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлес қосқан ақынның "Эверестке шығу", "Жалын", "Достық өлкесінің заңы" "Өркениеттің адасуы", "Шыңғысханның пенделік құпиясы" атты шығармалары еліміздің таза ұлттық рухынан тыныс алған күрделі туындылар ретінде әлем әдебиетінің қатарына қосылды.
Айта кетейік, бүгін Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы аясында Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында ақынның 75 жылдық мерейтойына орай "Әлем таныған ақын" атты шығармашылық кеші ұйымдастырылмақ. Мұхтар Шахановтың 75 жылдық мерейтойына арналған "Әлем таныған ақын" атты көрме орнатылып, оған ақынның кітаптары мен ақын жайындағы зерттеулер мен естелік мақалалар қойылады.