АСТАНА, 23 қазан — Sputnik. Атырау облысы Мақат ауылында учаскелік инспектор қызметтік көлікпен белгіленбеген жерден жолды кесіп өтіп бара жатқан екі адамды қағып кетті, деп жазады өңірлік "Мой ГОРОД" басылымы.
Апат 22 қазанға қараған түні болды. Полицей жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан.
"Зардап шеккендер аудандық ауруханаға жеткізілді, олардың жағдайы тұрақты. Көлік қағып кеткен адамдар – 30 және 31 жастағы жергілікті тұрғындар", — деді Атырау облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Бұл факті бойынша қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ішкі қызметтік тексеріс жүргізілуде, бірқатар сараптама тағайындалды.