АСТАНА, 19 қазан — Sputnik. Жастар ішімдік-шылымнан аулақ, дінге бет бұрды, намаз оқиды деп қуанамыз. Ата жолынан адаспай, Алланы танып, ақиқат пен ардан аттамаса ата-ана үшін зор қуаныш емес пе?! Біздің қоғамда осындай жастар аз емес. Бұл жақсы жағы. Ал, екінші жағынан қарайтын болсақ, қазір жат ағымдардың арбауына еріп кетіп жатқан да осы жастар. Олар діни білім мен ілімді қайдан алуда? Нендей ақиқатқа сүйенеді? Осы сауалдар төңірегінде Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің "Дінтану" кафедрасының оқытушысы Жалғас Асхатұлы ой бөлісті.
"Біз исі мұсылман қазақ болғаннан кейін біздерге қашанда ислам діні деген ислам төңірегінде кез-келген тақырып қызық болып көрінеді. Және де қазіргі қазақ қоғамында әсіресе жастарымыздың осы дінге деген қызығушылығы артуда. Мұның барлығы біздерді қуантатын жәйт. Дегенмен теріс ағымдарға бет бұрып жатқан жастарымызда бар. Мұның себебі неде деген сұрақтың туындауы заңды. Жастарымыздың көзқарасы екі түрлі болуы мүмкін. Ол дін исламның негізгі қайнары болған құран немесе сүннетті дұрыс түсінбеуден болады", — дейді Жалғас Асхатұлы.
Мәселен, оның айтуынша, кез-келген мұсылман өзінің негізгі қайнары болған құранды немесе сүннетті білгісі келеді. Бірақ мәзхабты немесе құранды адам өз бетінше түсіне алмайды, өйткені хадистердің түпкі мағынасы басқаша болуы мүмкін. Сондықтан оны діни сауатты адамдардан сұраған абзал.
"Яғни, менің өзім құранның ішіндегі мазмұн қандай, Аллах тарапынан түсіргеннен кейін әрбір мұсылманның да мен секілді қызығушылығы артып, білгісі келетіні ақиқат. Оны біліп түсіну үшін алдымен құран мен сүннетті жақсы білетін арнайы зерттеген ғалымдардан сұрау қажет. Себебі мәзхабты немесе құранды жекелей өз бетімізше түсіне алмайды екенбіз. Ондағы мазмұндар, хадистердің негізгі мәтіндерінің түпкі мағынасы басқаша болуы мүмкін. Мәселен, қылмыстық кодексті әрбір адам өз бетінше оқып түсіне алмайды. Оны да өз маманы ғана жете ұғынады, өзгеге түсіндіре алады. Сол секілді хадистер мен аяттарды мәзхаб жолы арқылы ұғынамыз, түсінеміз. Және де оны сауатты діндар, зерттеуші ғалымдар арқылы ұғынғанымыз жөн деп айтып кетер едім", — дейді сарапшы.
Алдымен, оның сөзіне қарағанда, "мәзхаб" дегеніміз не, оны кім қалай ұғынып жүр деген сұрақ туындайды.
"Мазхаб" сөзінің мағынасы: мектеп, жол, жүріс – тұрыс, діни оқу, мән – мағына. Төрт мазхаб түсінік мектебі. Ақидалары бір ауыздан, бірақ фиқһ мәселесінде пікірлері әртүрлі. Олар — Әбу Ханифа мазхабы, Мәлики мазхабы, аш-Шафиғи мазхабы, Ахмад Ханбал мазхабы. Сонымен қатар бұл үмметте басқа да мазхабтар болған. Бірақ олар тоқталып, мазхабтары жалғаспай қалған. Ал осы төрт мазхаб өз еңбектерімен және ғалымдарымен жалғасып келуде. Бұл төрт мектеп адамға Құран мен сүннетті түсіну үшін қажет. Сонымен қатар мазхабтың ғұламалар арасындағы орны, күш – беделі бар. Мазхабты түсінуде адамдар үшке бөлінеді: мазхабты қажет етпейтіндер, мазхабты фанатты түрде ұстайтындар, мазхабты фикһ және сәләфтарды түсіну үшін алатындар", — деп бөлісті оқытушы.
Маманның пайымдауынша, қазіргі таңда көптеген теріс ағымның жетегінде кеткен жастарымыз бар. Өкінішке қарай, олар "осы мәсхабты ұстанбасақ та, Құран мен сүннетті өзімізше түсіне берсек те болады" деген ұстанымды алға тартып жүр.
"Бұл жағдай дұрыс емес, себебі құран мен сүннетті дұрыс түсініп алмай, оның қағидалары бұзыла бастайды. Ал ішкі сенімі дұрыс емес адам әрбір қадамын айқын басуы мүмкін. Біздің жастарымыздың қазіргі таңдағы басты мәселесі осы болып тұр. Дінге деген қызығушылық танытып жатқан жастар діни мәліметті қайдан алу қажет екенін білмейді. Көкейдегі сауалдың жауабын алу үшін ғаламторға жүгінетін жастарымыз жетіп артылады. Осылайша бұрыс немесе жалған ақпар алған жасөспірім өзге ағымның жетегінде кеткенін аңғармай да қалып жатыр. Мұның соңы отбасылық жанжал мен сөз таластырушылыққа, түсінбеушілікке әкеліп соғады", — деп түйді сөзін Жалғас Асхатұлы.