АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттың сұрағына нақты жауап бермеген қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында "Ұлттық қордан 2018-2020 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заң жобасын талқылау барысында депутат Майра Айсина квазимемлекеттік секторға құйылған миллиардтаған қаржының қайтарылуына қатысты сұрақ қойды.
Оның айтуынша, Ұлттық қор қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес биылғы жылдан бастап жекешелендіруден түсетін бүкіл қаражат Ұлттық қорға түсуі тиіс. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сәйкес 2017 жылы жекешелендіруден 3,1 миллиард теңге, ал 2018-2020 жылдары 4,4 миллиард теңге түседі деп жоспарланған. Осылайша Ұлттық қорға жекешелендіруден бар болғаны 7,5 миллиард теңге түседі.
"Мемлекет ондаған жыл бойы квазимемлекеттік секторды қаржыландырып келді. Тек Ұлттық қордан бөлінген мақсатты трансферттер есебінен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының жарғылық капиталы 2014 жылдан бері 680 миллиард теңгеге ұлғайған. Осы ретте квазимемлекеттік секторға осынша қомақты қаражат салынған соң неге Ұлттық қорға бар болғаны 7,5 миллиард теңге ғана қайтарылады деген сұрақ туындайды.Әрі қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, "Эйр Астана", ҚТЖ секілді негізгі компаниялар 2020 жылға дейін жекешелендірілмек", — деп сұрады депутат.
Министр Бақыт Сұлтанов қазіргі уақытта кешенді жоспар бойынша 113 миллиард теңгеге 291 нысан сатылғанын атап өтті.
"Оның ішінде республикалық бюджетке 23 нысаннан 8 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Коммуналдық меншіктегі 162 нысан 33 миллиард теңгеге жекешелендірілді. Ал квазимемлекеттік сектор бойынша 70 миллиард теңгеден астам қаржыға 106 нысан сатылды. Егер объект республикалық болса, қаражат республикалық, жергілікті бюджетке түседі. Ұлттық компаниялар мен олардың еншілес мекемелерінің сатылымынан түскен қаржы тиісті компаниялардың шотына аударылады. Биылғы жылдың көктемінде бюджеттік заңнамаға жекешелендіруден түскен қаржыны Ұлттық қорға бағыттау бойынша өзгерістер енгізілді, бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Қазіргі уақытта үкіметтің тиісті қаулысы пысықталып жатыр", — деп жауап берді Сұлтанов.
Министрдің жауабы төраға Нұрлан Нығматулиннің көңілінен шықпады.
"Осындай жауап бола ма? Министр мырза, сіз дұрыс жауап беріңіз немесе мүлдем жауап бермеңіз. 2014 жылдан бері квазимемлекеттік сектор Ұлттық қор есебінен 680 миллиард теңгеге толықты. Ал жекешелендіруден 7,5 миллиард теңге қайтарылады. Осыған түсінік беріңіз. Үкіметтен келген әріптестер, бүгін жұмыс күні ұзақ болады, сондықтан сұрақтарға нақты жауап берейік. Сұлтанов секілді жауап берудің керегі жоқ", — деді Нығматулин.
"Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат, оның ішінде Ұлттық қордан берілген мақсатты трансферттер бар, дағдарысқа қарсы және инфрақұрылымдық дамыту бағдарламаларын қаржыландыру аясында нақты жобаларға бағытталды. Ал жекешелендіруге негізінен ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардағы нақты ұйымдар мен профильдік емес активтер жатады. Ұлттық қордан бөлінген қаражат инфрақұрылымдық жобаларда іске асырылуда", — деп түсіндірді Сұлтанов.
"Міне, мына сөзіңіз жауапқа жақын, әйтпесе, нұсқаулықты айтып бердіңіз", — деп түйді сөзін Нығматулин.