АСТАНА, 18 қазан — Sputnik. Алматыда екі қабатты кеңселік ғимарат өртенді, өртену аумағы 3500 шаршы метр, деп хабарлады Алматы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.
Жетісу ауданы Рысқұлов көшесі, 99 мекенжайы бойынша цехтың өртеніп жатқаны туралы хабар 18 қазан 03.00-де келіп түскен. Алғашқы өрт сөндіру жасағы үш минутта оқиға орнына жетті.
"Өрт сөндірушілер келгенше жағдай былай болған: екі қабатты кеңселік ғимараттың шатыры өртеніп, жақын орналасқан цехты шарпыған. Өрт орнында штаб құрылып, өрт сөндірушілер төрт учаскеге бөлінді", — делінген ресми хабарламада.
Өрт 05.39 кезінде ауыздықталып, 06.17-де сөндірілді. Аумағы 3500 шаршы метрді қамтиды. Зардап шеккендер мен құрбандар жоқ.
Өртті сөндіруге 120 адам мен 27 көлік жұмылдырылды.