АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Белгілі әнші Төреғали Төреәлі Алматыдағы қымбат мейрамханалардың бірінде үйлену тойын дүркіретіп өткізді.
Тойға қазақстандық эстрада жұлдыздары, жақсы-жайсаңдар шақырылған. Қонақтар әлеуметтік желіде жас жұбайлармен бірге түскен фотолары мен видео жариялап, екі жасқа бақыт тілеп жатыр.
Жуырда бес күн қатарынан Алматының төрінде концерт берген Төреғали "концертті аман-есен өткізген соң үйлену тойын жасаймын. Жарым Толқынның өзі де таңғалып жүр” – деп екі қызы бар болса да, той жасамақ екенін айтқан еді.
Төреәлінің үш жыл бұрын отау құрғаны белгілі, бірақ ол үйлену тойын енді жасап отыр.
Әнші журналистерге берген сұхбатында келін түсірген уақытта тойын қиялындағы бүкіл қазақтың тойы болады деп армандағанын айтты.
"Біздің әулеттің емес, бүкіл қазақтың келіні болады деп эфирден уәде берген кезімде болды. Енді Алла қуат берсе, уәдеде тұрып, сол сөзді орындайтын кез келді",– деген еді әнші.
Ал Төреғали Төреәлінің продюсері Толқынның той көйлегінің құны бір миллион теңге тұратынын және оны арнайы Италиядан алдырғанын айтты.
Сондай-ақ Төреғалидің тойы тікелей эфирде көрсетілетіні туралы сыни әңгіме тараған еді. Осыған байланысты "Қазақстан" ұлттық арнасының басшысы Ерлан Қаринге түсініктеме беруге тура келді.
"Кешеден бері арнадан Төреғалидың тойын тікелей эфирден көрсетесіздер ме деген сұрақтар қоюда. Қайдан, неден шыққан әңгіме екенін білмеймін, бірақ біз Ұлттық арнада біртіндеп түрлі ойын сауық бағдарламаларды азайтып, басқа жаңа жанрларды кеңейтудеміз, сондықтан ондай жобаны көрсетеді деген әңгіме жалған ақпарат", — деп жазды Қарин фейсбукте.