АСТАНА, 17 қазан — Sputnik. Қырғызстан экономика министрлігі мәлімдеуінше, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың қағидаларын орындамайды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
10 қазанда қырғыз-қазақ шекарасынан өтуге байланысты қиындықтар туындады. Үш өткізу бекетінде көлік кептелісі пайда болып, адамдар ұзын сонар кезекке тұрды. Қазақстанның ҰҚК мәліметінше, бұл шекаралық профилактикалық операцияларға байланысты.
Қырғызстан экономика министрлігі хабарламасында жазылғандай, Қазақстан енгізген қосымша қадағалау ЕАЭО туралы Келісімнің негізгі қағидалары мен мақсаттарына қарама-қайшы келеді, интеграция мақсаттарына жетуге кедергі келтіреді.
"Қазақстан еркін тауар айналымына кедергі келтіріп, ЕАЭО бірыңғай нарығының негізгі қағидаларын бұзады", — делінген хабарламада.
Министрлік ЕЭК коллегиясы басшылығына хат жолдап, Қазақстанға одақтың ережелерін сақтау қажеттігін ескертуді сұрады.