АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Алматы-Отар теміржол бөлігінде Пойыздың машинисті мен оның көмекшісі жолаушылар автобусымен соқтығысудың алдын алды, деп хабарлайды "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ.
Жолаушылар автобусы Алматыдан Қаскелеңге бет алған. Шамалған станциясы маңында темір жол арқылы өтуге тыйым салынғанына қарамастан, жүргізуші автобустың қозғалысын жалғастырады.
"Теміржол үстіндегі автобусты байқап қалып, мен дыбыстық дабылды қостым. Алайда ешқандай қозғалыс байқалмады. Сол кезде жылдамдықты азайтып, шұғыл тоқтау әрекетін іске қосуға тура келді. Пойыз автобусқа 500 метр қашықтық қалған кезде тоқтады. Бақытымызға орай, барлығы сәтті өтті. адамдар зардап шеккен жоқ ", — деді Алматы локомотив депосының машинисті Жанат Құлдаров.
Алматылық теміржол бөлімшесінің берген мәліметіне сәйкес, машинист пен оның көмекшісінің біліктілігі және экстремальды жағдайда дұрыс әрекет етуінің арқасында апаттың алды алынды.
Бұл теміржол бөлігі арнайы шлагбаум, жарық және дыбыстық дабылдармен жабдықталған. Бұл жағдай жүргізушілердің теміржол бойындағы жол жүру ережесін сақтамай, қауіпті жол қозғалысын жасайтынының анық көрінісі болып отыр.