АСТАНА, 16 қазан — Sputnik. Үкімет елдегі жанармай тапшылығын тудырған жауапсыздық пен немқұрайлылыққа жол берді. Ал осыған байланысты Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа жарияланған сөгіс оның қызметтен босатылғанымен пара-пар, деп мәлімдеді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
"Энергетика министрлігі елдегі отын-энергетика кешенінің мәселелеріне, оның ішінде ішкі нарықты жанармай отынымен қамтамасыз етуге жауап береді. Елдегі жанармай, отын тапшылығының туындауы үкімет пен Энергетика министрлігі тарапынан жіберілген қателік және олардың бұл мәселеге қатысты жауапсыздығы. Елдегі мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуге жабылуына қатысты мәселе мамыр айында қарастырылған болатын. Ал күзде үш зауыттың екеуі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жабылатыны белгілі еді. Бұл жыл сайын болатын жағдай. Бұл туралы алдын ала белгілі болды, яғни, тұрғындарды жанармай отынымен қамтамасыз ету үшін лайықты дайындық жасау қажет еді. Мұндай дайындық жасалмаған", — деп хабарлайды баспасөз қызметі Назарбаевтың Энергетика министрімен кездесу кезінде айтылған сөзіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы бұған дейін жанармай отыны нарығындағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты жүргізіліп жатқан шаралардың тиімсіздігін де атап өтті.
"Сіз үкімет мен менің тарапымнан қолдау көріп отырған бірқатар жақсы бастамаларды қолға алдыңыз. Отын тапшылығын болдырмау үшін бағаны мемлекеттік реттеуді алып тастау ұсынылған еді. Алайда, нарықтағы жанармай тапшылығы сақталып отыр. Осыған байланысты үкіметтің ұсынуымен, мен сізге сөгіс жариялаймын. Бұл қызметтен босатылғанмен пара-пар", — деді Назарбаев.