АСТАНА, 16 қазан – Sputnik. Теріс қылықтар және ауыр емес қылмыстарды қарау мерзімі қысқартылады, деп хабарлады ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.
"Енгізіліп жатқан тағы бір жаңалыққа тоқталсақ, "Бұйрық өндірісі" деген жаңа институт енгізіп жатырмыз. Теріс қылық және онша ауыр емес қылмыстарды қарау мерзімін азайтуды ұйғардық. Адам кінәсін мойындап тұрса, дәлелдер жеткілікті болса, айыппұлға келіссе, сондай-ақ ешкім дау көтермесе, ондай жағдайда "Бұйрық өндірісі" қолданылады", — деді Марат Ахметжанов мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқықтық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Оның айтуынша, осы орайда ұзақ тергеу мен сот процесін жүргізудің қажет жоқ.
«Қылмыстық теріс қылықтар бойынша сот үкімін қоса алғанда, мерзімі 6 тәулікке дейін болады. Ал ауыр емес қылмыстар бойынша негіз пайда болған кезден бастап тергеу 5 күнде аяқталады. Бұл жерде де біз прокурордың және соттың мерзімін азайттық. Енді істі прокурордың тексеру уақыты 3 тәуліктен 1 күнге қысқарады, сотта істі қарау — 15 күннен 3 тәулікке дейін шегереді. Сонымен қатар қылмыстық теріс қылықтарға тоқталсақ, олардың құқықтық табиғаты қылмыстан басқа болып саналады. Бұлар бұрын әкімшілік құқық бұзу болған. Оларды қылмыстық істер сияқты тергеп-тексеру жасаудың ондай қажеті жоқ. Ондай істерді сол жерде хаттама жасап, сотқа бірден жолдаған дұрыс. Прокурор сотқа қатысады, сонда өз қорытындысын береді. Онша ауыр емес қылмыстар болса, сотқа тек қана прокурор арқылы барады", —деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.