АСТАНА, 15 қазан — Sputnik. Экс-депутат Қазыбек Шайымбетов 15 қазандағы президент сайлауының қорытындысы жарияланған соң, елде жаппай тәртіпсіздік орнатып, әкімшілік ғимараттарды басып алмақ болды деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздігінің мемлекеттік комитеті.
"Бұған дейін жарылғыш заттарды және қару-жарақты заңсыз сақтау және оларды өзімен алып жүруге қатысты сотты болған ҚР Жоғарғы Кеңестің экс-депутаты К.Шайымбетов қылмыстық топпен алдын ала сөз байласып, үміткерлердің бірі президенттікке өтпеген жағдайда, ҚР президенті сайлауы кезінде және оның қорытындысы жарияланған соң да жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындық жасаған", — делінген хабарламада.
Мекеменің берген мәліметтеріне сәйкес, Шайымбетов және оның жақтастары қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыру және Қырғызстанның мемлекеттік органдарының әкімшілік ғимараттарын басып алу мақсатында соңғы күндері қару-жарақ пен оқ дәрілерді іздестіруді қолға алған.
Күдіктілер ұсталып, ҚР ҰҚМК жеткізілді.
"2017 жылы 14 қазан күні Шайымбетов және басқа да адамдарға қатысты Қырғызстан Республикасының ҚК 27-бабына, 233-бабының 1-бөліміне (жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру), 295-бабы (билікті күшпен басып алуға дайындық жасау), 241-бабының 2-бөліміне (қару-жарақтар мен жарылғыш заттарды заңсыз иелену, сақтау және өзімен бірге алып жүру) сәйкес қылмыстық іс қозғалды", — деп хабарланды сайтта.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.