АСТАНА, 14 қазан – Sputnik. Түркістан полицейлері банк терминалынан ұрлық жасауға қатысы бар деген екі күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметі. 8 қыркүйекте жерлікті банктердің бірі тоналады. Белгісіз біреулер түнгі уақытта банк ғимаратына кіріп, терминалды бұзып, 4 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлап кетеді.
Оқиға негізінде ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іздеу шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде 1970 және 1988 жылы туған Кентау және Түркістан қалаларының тұрғындарын ұстады. Күдіктілердің бірі 47 жасар ер адам банкте күзетші болып жұмыс жасаған.
Заттай дәйек ретінде ұрланған қаржының жартысы табылды. Күдіктілер өз кінәларын мойындады. Екеуі де қамауға алынды.