АСТАНА, 11 қазан — Sputnik. Қазақстан-Қырғыстан шекарасында орын алған кептелістің салдарынан адамдар өткізу бекетінде сағаттап тұруға мәжбүр болды.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жайды камераға түсіріп алған.
Қолданушылардың бірі өз парақшасында, шекара арқылы көліктің өтуіне 1,5 сағат уақыт кетіп жатқанын айтқан.
kaktus.media порталының хабарлауынша, алдын-ала мәліметтерге сәйкес Қазақстан шекарашыларының автоматты жүйесі бұзылған. Өз кезегінде Қырғызстанның Мемлекеттік шекара қызметі 10 қазан күні сағат 18:00 бастап, қазақ-қырғыз шекарасында көліктер мен адамдарды өткізу іргелес мемлекет тарапынан күшейтілген түрде орындалып жатқанын мәлімдеді.
Сағат 20:00 бастап, Қырғызстан Республикасы елдегі президент сайлауына дайындық және оны өткізу шараларына қатысты шекара қызметі күшейтілген режимдегі жұмыс кестесіне ауысқан. Алайда, қалыптасқан шараларға қарамастан, қырғыз елі тарапынан шекаралық бақылаудан өтуге қатысты шектеулер қойылмаған.
Қазақстан тарапы бұл оқиғаға қатысты әзірге мәлімдеме жасаған жоқ.