АСТАНА, 3 қазан — Sputnik. Көкшетауда белгісіз екі адам "Қазпошта" филиалының бөлімшесіне басып кіріп, миллион теңге ұрлады, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.
Аталған қылмыс, бүгін, 3 қазан күні Көкшетауда болды. Облыстық орталықтың шалғай жерінде орналасқан "Қазпошта" филиалының бөлімшесіне сағат 11.00 шамасында беттеріне медициналық бетперде киген, белгісіз екі ер адам басып кіреді. Мекеме қызметкерлерін қорқыту арқылы олар ақша талап етіп, миллион теңге алып кетеді. Пошта қызметкерлері зардап шеккен жоқ. Олардың біреуіне хал-жағдайы нашарлауына байланысты медициналық көмек көрсетілді.
Полиция тарапынан ҚР ҚК 192-бабының 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары қолға алынды. Куәгерлерден жауап алынып, бейнекамера жазбалары тексеріліп жатыр.