АСТАНА, 3 қазан — Sputnik. Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев Астана LRT кәсіпорнының автобуста жүру ақысын коммуналдық қызмет есебіне қосып, әр пәтер үшін 3800 теңге төлем енгізу ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды, Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Өйткені біреулер автобуспен жүреді, енді біреулер жүрмейді. Жол жүру билеті болуы керек, кімге автобуспен жүрсе, сатып алады. Ал әрбір тұрғынның төлеуі бұл біздің азаматтар үшін көңілге қонымсыз болады", — деді Сәпиев БАҚ өкілдеріне.
Оның айтуынша, бұл бастама қазіргі уақытта тек талқыға ұсынылды.
"Біз мұның дұрыс емес екенін түсінеміз. Астана әкімі де шу көтерудің қажеті жоқ екенін айтты. Егер депутаттар бұл бастаманың халықты алаңдатып, оның мүддесіне кереғар дүниелер енгізілейін деп жатқанын көрсе, міндетті түрде бұл мәселеге араласамыз. Әзірге бұл тек ғана ұсыныс", — дейді депутат.
Сондай-ақ ол Астана LRT кәсіпорнының бұл бастаманы ақыр соңында жолақы тарифін көтеру үшін ұсынуы мүмкін екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, "Астана LRT" кәсіпорны ұсынған жүйе бойынша жолақы төлемін Астана ЕРЦ-дан келетін коммуналдық қызмет есебіне қосу ұсынылып отыр. Тұрғын санына байланыссыз әр пәтерден 3857 теңге төлем белгіленген. Ал арнайы жеңілдіктері бар адамдар бұл төлемнен босатылады. Жобаны ұсынушылардың айтуынша, автобуспен жүрмейтін елордалық жүргізушілер болса, қала көшелерінде ақылы тұрақтарды төлеу мүмкіндігіне ие болады.