АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде тарап кеткен қазақстандық полицейлердің дайындығын тексеру туралы видеоны түсіндіріп берді.
Бұдан бұрын Facebook қолданушысы өз парақшасында полиция бекеттерінің бірінің жеке құрамы дайындығын тексеру туралы видеоны жариялаған.
ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаменті басшысы Алмас Сәдубаев хабарлағандай, былтыр тамызда министрлік құрылымында өңірлерде бөлімшесі бар арнайы дайындық департаменті құрылған. Департаменттің басты мақсаттарының бірі үнемі сараптама жасау, полицейлердің тактикалық әрекетін ұйымдастыру, сонымен бірге олардың кәсіби және жедел қызметтік біліктіліктерін арттыру мақсатында тәжірибе сағаттарын өткізу.
"Полицейлердің дайындығын тексеру мақсатында былтыр 19 қарашада ІІМ негіздемесіне сәйкес арнайы дайындық департаменті басшысы Оспанов А.Ч. Астана ІІД полиция пункттерінің біріне алдын ала ескертпей барды", — деп хабарлады Сәдубаев.
Оның айтуынша, полицейлер әрекетінің бүкіл алгоритмі видеоға жазылып, кейін ол әдістемелік құрал ретінде әр сабақта қарастырылған.