АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Ақсуда көлікке мас күйінде отырып, өз үйінің ауласында бірнеше автокөліктерді зақымдаған бұрынғы полиция капитаны сотталды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне Павлодар облыстық сотының баспасөз хатшысы Әйгерім Сүлейменова.
Осы жылдың тамыз айында Ақсу қаласында полиция капитаны мас күйінде Toyota Camry автокөлігінің тізгініне отырып, ауладағы тұрақта тұрған үш автокөлікті соғады. Бұл оқиға әлеуметтік желілерде үлкен пікір-талас тудырған болатын.
Алайда сотта экс-капитан өзінің кінәсын мойындаған жоқ.
Бейсенбі күні сот оны ҚР ҚК 608-бабының 3-бөлімі бойынша айыпты деп танып, бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырды.
Жүргізілген қызметтік тергеудің қорытындысы бойынша капитан қызметінен босатылды.