АСТАНА, 29 қыркүйек — Sputnik. Алматыда ірі жол апаты кезінде бір адам зардап шекті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.
Куәгерлердің айтуынша, жол апаты Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесі қиылысында болған. Қызыл жанып тұрған бағдаршамға Mitsubishi Montero тоқтап, одан кейін Lada Priora көлігі де тоқтап тұрады.



Subaru Outback көлігі бар жылдамдықпен келіп, Priora көлігіне соғылған. Қатты соққыдан Lada Priora алдында тұрған Mitsubishi Montero көлігін қағады. Жол апатынан бір адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.
Сөйтсе, Subaru жүргізушісі қатты мас екен әрі жүргізуші куәлігі де жоқ болып шықты. Сөзіне сүйенсек, оған екі адам шабуыл жасап, тапанша мен қорқытқандықтан, жол апатына ұшыраған. Ол екі жолаушы оқиға орнынан қашып кетті.
Саусақ іздерін алып, кімдікі екенін анықтау үшін оқиға орнына криминалист шақырылды. Жол апатының мән-жайын Алматы полициясы анықтайды.