АСТАНА, 27 тамыз – Sputnik. Қазақстанның Анталиядағы консулы біздің азаматтарымызбен үнемі байланыста және ауруханаға барып, олардың қал-жағдайын біліп отыр, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов.
"Жеті қазақстандық Антальяға өз беттерінше барған, өкінішке қарай, сақтандыру полистері болмаған. Сондықтан апаттан кейін хирургиялық операцияның төлеміне байланысты қиындықтар туындады. Дегенмен, біздің дипломатымыз түрік тарапымен келісімге келді, яғни ауыр жараланған бес қазақстандықтың медициналық шығындарын такси жүргізушісінің сақтандыру компаниясы өзіне алатын болды. Тағы екі азаматымыз бойынша төлеу мәселесі шешілу үстінде", — дейді Жайнақов.
Оның айтуынша, қазір қазақстандықтардың жағдайы тұрақты. Екі азаматтың жамбас сүйектері сынған, бір қыздың миы қатты шайқалған. Олардың барлығы да өз бетінше қозғала алмайды.
"Бүгінде қазақстандықтарды елге әкелу мәселесі шешілуде", — деп хабарлады Жайнақов.