АСТАНА, 22 қыркүйек — Sputnik. Сот Алматы әуежайында полиция қызметкерін тепкен Ресей азаматына 1,1 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасын тағайындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мәскеуден келген 31 жасар менеджерге қатысты іс қаланың Түрксіб аудандық сотында қаралды.
15 шілде күні сағат 17:30 шамасында ер адам Алматы-Мәскеу бағытындағы ұшақпен өз үйіне қайту үшін Алматы әуежайына келеді. Ол барлық тексеруден өтіп, әуежайдың жинақтаушы залына барып, ішімдік ішеді. Салдарынан бүлікші жолаушы ұшаққа міне алмайды.
19:20 кезінде күзет бекетінің полицейлері ұшу залының №7 есігіне шақыртылады.
ІІЖБ полицейлері шетелдік азаматқа мән-жайды анықтау мақсатында кезекші бөлімге өтуін сұрайды, алайда ол қарсылық көрсетіп, тәртіп сақшыларының заңды талаптарын орындаудан бас тартады.
Сот отырысында ер адам өз кінәсын толығымен мойындады. Полиция қызметкері жәбірлеушіге қатысты наразылығы жоқ екенін айтып, оған заң жүзінде жаза тағайындауды сұрады.
Сот Ресей азаматын "Билік өкілін қорлау", "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" баптары бойынша айыпты деп танып, оған 500 АЕК көлемінде 1 миллион 134 мың теңге айыппұл салды.